Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда жұмыс істейтін аналарды қолдау мақсатында әлеуметтік күтуші қызметін енгізу ұсынылды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бұл бастаманы сенатор Жанна Асанова көтерді. Оның айтуынша, жұмыс істейтін аналардың балалары жиі қараусыз қалып жатады, ал декреттік демалыстағы әйелдер мансап жағынан әлсіз жағдайда болады. Сондықтан ол ана мен мансапты қатар алып жүру үшін арнайы күтушілерді тарту қажеттігін алға тартты.
Сенатор Жанна Асанова депутаттыққа дейін түрлі салада еңбек еткенін айтады. Ол студент кезінде медбике болып жұмыс істеген, кейін Алматы қаласындағы емханалардың бірінде педиатр болған. Сондай-ақ, бизнес саласында да тәжірибесі бар.
Үш баланың анасы ретінде ол ана болу, мансап құру және үй шаруасын қатар алып жүрудің қиындығын жақсы түсінеді. Осы себепті гендерлік теңдік мәселелерін жиі көтеріп келеді.
- Жұмыспен қамту жағдайы әлі де көңіл көншітпейді. Үй шаруасындағы негізгі салмақ әлі де әйелдерге түседі. Әсіресе, декреттік демалыстағы аналар белгілі бір қиындықтарға тап болады. Мәселе – декреттік демалыс аяқталғаннан кейін баланың балабақшаға қабылдануына дейінгі аралықта туындайды. Алты айлық нәрестені балабақшаға беру мүмкін емес. Бұл мәселені біз көтердік, алдағы уақытта шешіледі деп сенемін, – деді сенатор Асанова.
Сонымен қатар, депутаттар еңбек ұжымдарында балаларға арналған бұрыштарды көбейту, декреттік демалыстағы аналарға онлайн жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңейту, әлеуметтік күтуші қызметін енгізу сынды ұсыныстарын білдірді.
- 2020 жылы Мемлекет басшысы басқарушы лауазымдарда әйелдердің үлесін 30%-ға жеткізу міндетін қойған болатын. Алайда қазіргі таңда квазимемлекеттік секторда бұл көрсеткіш небәрі 12%-ға әрең жетеді. Ұлттық компаниялар директорлар кеңестерінің 12%-ын ғана әйелдер құрайды. Ал ‘Самұрық-Қазына’ секілді ірі ұлттық компаниялардың 7%-ында әйелдер мүлде жоқ, – деді сенатор Асанова.