Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Оңтүстік-Шығыс Азияда болған жойқын жер сілкінісінен кейін әлеуметтік желілерде Қазақстанда да осындай табиғи апат болуы мүмкін деген ақпараттар тарала бастады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі ресми түсініктеме берді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Министрліктің ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, соңғы күндері Қытай ғалымдарының жойқын жер сілкінісі туралы болжамы жайлы ақпараттар желіде кеңінен таралуда. Бұл ақпараттар қазақстандықтарды алаңдатып отыр.
Министрлік бұл жағдайға байланысты алаңдаушылыққа еш негіз жоқ екенін атап өтті.
- Қазақстандық БАҚ-та, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қытай ғалымдарының болжамына сілтеме жасалған ақпараттар белсенді түрде таралып жатыр. Осыған орай ТЖМ Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы бұл ақпараттардың шынайылығына қатысты түсініктеме берді, – делінген хабарламада.
Мынадай фактілер келтірілді:
1-факт:
Бейжіңдегі жер сілкінісі агенттігінің Чжу Хунбин бастаған ғалымдар тобы Қытайдың кейбір аймақтарында шамамен әр 30-40 жыл сайын магнитудасы 8-ден асатын жойқын жер сілкіністері болып тұратыны туралы циклдік болжам жасаған. Осыған қарап, жаңа цикл басталуы мүмкін деген қорытынды жасалған.
2-факт:
Зерттеу тек Қытай аумағындағы аймақтарға – атап айтқанда, Лонгменьшань жарылым аймағындағы Сычуань мен Юньнань провинцияларына және Шығыс Гималайға қатысты. Бұл өңірлер Қазақстаннан мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан әрі бөлек сейсмикалық белдеуге жатады. Демек, бұл зерттеу Қазақстанға тікелей қатысы жоқ.
Ал таралған жорамалдарға келсек:
1-жорамал:
“Қытай ғалымдары 8 баллдан асатын жойқын жер сілкінісін болжады”
Бұл дұрыс емес. Зерттеу – гипотетикалық сипаттағы ғылыми жұмыс, нақты болжам емес. Ғалымдар нақты жер сілкінісінің қашан және қай жерде болатынын айтқан жоқ, олар тек белгілі бір геологиялық аумақтағы процестердің циклдік сипатын зерттеген.
2-жорамал:
“Қытайдағы жойқын жер сілкінісі міндетті түрде Қазақстанға да әсер етеді”
Бұл да шындыққа жанаспайды. Зерттеуде аталған аймақтар Қазақстаннан тым алыс орналасқан. Сондықтан, олардағы жер сілкіністері біздің елге әсер етуі екіталай.
Қорытындылай келе, Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы халықты сабыр сақтауға, жалған ақпаратқа сенбеуге және ақпарат көздерін сыни тұрғыдан бағалауға шақырады.