Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматы мен Қонаев қалаларын байланыстыратын жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) жүйесін салуды Оңтүстік Корея компаниясы қолға алады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Аталған жоба бойынша меморандумға 2024 жылдың сәуір айында қол қойылған. Осыған байланысты өңір әкімінің орынбасары Рустам Исатаев Оңтүстік Кореяның RETD CO. LTD компаниясынан келген делегациямен кездесу өткізді.
- Алматы облысы — инфрақұрылым мен инвестиция жағынан әлеуеті зор, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біз тұрғындар үшін көлік қатынасының қолжетімділігін арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлеміз. Маглев технологиясына негізделген ЛРТ осы бағытта маңызды жоба болады, — деді Исатаев.
RETD CO. LTD компаниясының атқарушы директоры Ли Чан Вук магнитті аспа технологиясының тиімділігі мен компанияның Азиядағы ұқсас жобалар бойынша тәжірибесі жайлы айтып өтті.
Рустам Исатаев Оңтүстік Кореяны Қазақстанның негізгі экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтіп, қазіргі таңда Алматы облысында кореялық капиталдың қатысуымен 15 кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
- Тараптар ЛРТ құрылысы өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, технологиялық әрі экономикалық дамуға серпін береді деген сенім білдірді. Сондай-ақ әкім орынбасары жоба барлық кезеңде жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдауға ие болатынын мәлімдеді, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2023 жылы Қаскелең – Есік – Талғар – Алматы – Ұзынағаш бағыты бойынша ЛРТ салу жобасын түркиялық “Ташяпы” компаниясы жүзеге асыратыны жарияланған болатын.